Главная » Статьи » Қазақ халқының тарихы, ұлы тұлғалар, батыр, хандар » Қазақ батырлары [ Добавить статью ]

Исатай Тайманұлы
   Тайманұлы Исатай (1791-1838) Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігінде болған азаттық көтерілістің басшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы. Ел ісіне ерте араласқан Исатайдың кемелденуіне қайын ағасы Жабай Бегалиннің көп көмегі тиді. Ол кісі орысша оқыған, әжептеуір сауаты бар адам болған, старшын қызметін атқарған.
    Ол өлгеннен кейін оның орнына Бөкей хан Жабайдың тәрбиесін көрген Исатайды старшын етіп тағайындап, 1814 жылы қарашаның 25-інде Орынбор губернаторы осы ұсынысты және қағазға түсірілген қонысын бекітіп берді. Бөкей қайтыс болып, ел билігі оның інісі Сығай Нұралыұлына тигенде Исатаймен жеке бас араздығы туындап, екі арада барымта, ауылды шауып кету оқиғалары орын алды. 1817 жылы Орынбор шекара комиссиясы старшын Өтеміс Құлманиязұлын шаптың деп Исатай Тайманұлын Сарайшық қамалының түрмесіне жапты. Ел-жұрты 20 мың сом ақша жинап беріп, оны босатып алды. 1823 жылы Сығай сұлтан тама руының 2 адамын өлтірдің деген желеумен екінші рет түрмеге қаматтырды. Бірақ бұл істе айғақ-дәлелдері жол болып, Исатайды босатуға мәжбүр болды. Жәңгір хан таққа отырған соң И.Тайманұлының жағдайы біршама жақсарды. 1826 жылы Жәңгір хан батырдың бұрынғы қонысында қала беретінін мақұлдап, қуаттау қағазын берді. Жәңгір ханның тапсыруымен 1826 жылы қарашаның 29-ында Санкт-Петербордан қайтып келе жатқан Бұхар елшісін Сарайшық бекінісінде қарсы алып, Астраханға жеткізіп салды.
   1827-1829 жылдары аралығында ол Бөкей ордасы өмірінде айрықша белсенділік көрсетті. Жәңгір ханның беделін асырып, билігін нығайтуға көп күш салды. Ханға қарсы Қайыпқали Есімов сұлтан көтеріліс бастап, Бөкей ордасын дүрліктіргенде, Исатай Жәңгір хан жасағында жүрді. Көтерілісті басу үшін қырға шыққан Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Г.Генстің қауіпсіздігін сақтап, жолбасшы болды. Кейбір старшындарды ханмен мәмілеге келтіру үшін Ұялы съезінде Жәңгірге адалдыққа ант берді. Бұл кезде Қазақ хандығының ішкі ісіне тікелей араласа бастаған Ресей отаршылары қазақтардың құнарлы жерлерін тартып алып, өздерін сыртқа қуа бастаған еді. Орал казак-орыстары Жайық бойын иемденді. Мұндай қысымшылықты Исатай старшыны болып жүрген беріш руы да көрді. Осы кезде Жәңгір ханның Жайық бойындағы руларды екіге бөліп, бірін қайын атасына, екіншісін жұртқа зорлық-зомбылығымен аты шыққан саудагер Қарауылқожаға басқартып қоюы жоқшылықтан ашынған шаруалардың ашу ызасын тудырды. И.Тайманұлы бастаған 8 старшын басқарушының жолсыздықтарын жіпке тізіп, ханға арыз жолдады. Бірақ оған еш тыйым салынбады. 1934 жылдың маусымында Жәңгірдің хандық құрғанына 10 жыл болып, той жасалды. Той соңы «Би сайлау съезіне» ұласты. Осы жиында Жәңгір хан мен Исатай арасына сызат түсті. Би сайлауында қарсы шығып, қатты-қатты сөз айтқан батырға Жәңгір хан 60 атан айып тарттырып, әрі біржола ықтыру үшін оны ата қонысынан да айырды. Сонда да И.Тайманұлы Қарауылқожаның озбыр билігіне тыйым салуды ханнан батыл талап етіп, хат жазды. Бірақ ханнан еш жауап болмай, қайта батырдың өзін кінәлағандай болды. Осыдан кейін Каспий жағалауындағы халық Қарауылқожаға бағынудан бас тартып, Исатай мен Махамбеттің төңірегіне тұс-тұстан келіп жинала бастады. Мұның аяғы тарихтан белгілі 1836-1837 жылдардағы Бөкей ордасындағы шаруалардың феодалдық қанау мен патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көтерілісіне ұласты.
    Көтеріліске Исатай мен Махамбет басшылық жасады. 1837 жылдың қазан айында Исатай 2000 жауынгермен келіп, хан ордасын қоршап алды. Бірақ көтерілісшілерге қосылғанымен, ханнан қол үзгісі келмеген билердің ықпалымен Исатай орданы бірден басып алмай, хан мен орыс полковнигі Геккемен пайдасыз келіссөз жүргізіп уақытты өткізіп алды. Осы уақытта ханға көмекке жіберілген казак орыс отрядтары ордаға жетіп үлгірді. Қараша айында Тастөбе деген жерде шешуші шайқас болды. Қанша ерлікпен шайқасқанымен, көтерілісшілер орыстың отты қаруына төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырады. Жазалаушылар көтерілісті аяусыз басты. Тұтқындарға 500-ден 2000-ға дейін дүре соғып, Сібірге айдады. Исатай күші басым жау қолына төтеп бере алмай, Махамбет Өтемісұлы және басқа да сенімді 40 жолдасымен түн жамылып, қарулы тосқауылды бұзып, Жайықтан өтіп кетті. Исатай Тайманұлы 1878 жылы шілденің 12-інде Ақбұлақ өзенінің бойында болған шайқаста қаза тапты. Ол бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырап, түпкі ой-мақсаттарына жетпесе де, халықтың сана-сезімінің оянуына үлкен әсер етті. Атырау облысында Исатай Тайманұлы атындағы аудан бар. Сонымен қатар Атырау қаласында мұражайы жұмыс істейді, ескерткіші орнатылған. Қала көшелеріне, орта мектептерге есімі берілген.
   Дереккөздері: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 4 том А.Сейдімбеков, «Елтұтқа» кітабы
Категория: Қазақ батырлары | Добавил: Filosof (30.01.2011)
Просмотров: 5729 | Теги: Исатай батыр, Исатай Тайманұлы реферат, Исатай Тайманұлы | Рейтинг: 4.2/5
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Категории раздела
Это интересно
Статистика

Қазір сайтта: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0
Форма входа